Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

18.06.2018

 

Шыр етіп дүниеге келгенімде естілген үн, кейіннен ес біле бойыма сіңіріп өскен Отанға деген ерекше сезім мен көзқарасты қалыптастырған ардақтым, анам тілі – қазақ тілі. Ақын Мағжан Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” - деген. Бұл жанды сөзден ой түйетін болсақ, егер өз тілін ұмытып, өзге тілде сөйлескенді жөн көретіндер өз төл тарихынан, тіптен өз бойындағы бар болмысынан ажырап кетері сөзсіз. Ал бойынан ұлттық дүниелері жоғалған жанның ұрпақтан-ұрпаққа тұнық қалпында сақтап жеткізер мұрасы қалмайды.

 

Өскелең ұрпақтың бойына неғұрлым ұлттық кодты қадірлеп өсуге тәрбиелесек бұл олқылықтың орны толмақ.

 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты мақаласында мемлекеттік мәр­те­бесіне қарамастан, қазақ тілінің қолданыс аясын тиісті дәрежеде кеңейте алмау, оны өзге тілдермен қойыртпақтап, бұзу, дұрыс сөйлемеу, тіпті мүлдем ұмыту өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың жүйесін сақтай алмауға әкеліп соғатынын меңзеген болатын. Сол себепті «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» мақалын ұстанып, мемлекеттік органдарға қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы тапсырма берген болатын.

 

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де өзге мемлекеттік органдар секілді қазақ тілінің тағдырына  алаңдаулы. Департамент қызметкерлері құжат айналым жүйесін түгелдей қазақ тілінде жүргізеді. Орыс мектептерін тәмамдаған және ұлты орыс қызметкерлер үшін жыл сайын облыстық тілдер басқармасы арқылы қазақ тіліне оқыту курсы ұйымдастырылуда. Департамент бастығы генерал-майор Жасұлан Жұмашев Департаментте өтетін аппараттық және жедел кеңестерді мемлекеттік тілде жүргізеді әрі қызметкерлерден мемлекеттік тілде сөйлеулерін талап етеді. Департамент қызметкерлерінің құжат айналымы бойынша мелекеттік тіл бойынша сауаттылықтарына ай сайын талдау жүргізіледі.

 

Ал қызметкерлерге келетін болсақ, профилактикалық жұмыстар, рейдтер, аула аралау кезінде жартысынан көбі  мемлекеттік тілде жазылған жаднамалар мен брошюраларды таратады,  әрі тұрғындарға түрлі төтенше жағдайлардағы іс-әрекет туралы мемлекеттік тілде кеңес береді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты түрлі брифингтер де қазақ тілінде жүргізіледі.

 

ХХ ғасырдағы батыстық жаңғырудың үлгісі бүгінгі егемен қазақ еліне үлгі бола алмайды дейді Елбасы, өйткені «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».

 

 

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің

мемлекеттік тіл және ақпарат тобы