Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

10.01.2019

 

Қазіргі таңда ел есінде қалатын, батылдығы мен ерлігі бірге жүретін, батырларымызды білуіміз қажет. Әдетте біз Маншук Маметова, Талғат Бегильдинов, Алия Молдағұлова сынды аға-апаларымызды есте сақтап, солардың ерліктерін айтып жүреміз. Ал бүгінгі заман батырларын назардан тыс қалдырудамыз. Ерліктерімен ерекшеленетін осы жандар күнделікті өмірде өз борыштарын өтеуде. Бұл жандар адамдардың нағыз жанашырлары, кез-келген қауіп-қатерге қарсы тұрып, олардың алдын алады. Заман ағысына қарамастан олардың бойларындағы жігерлілік пен жауапкершілік еш сарқылмайды.


Ерлік пен елдік тек соғыста ғана шыңдалады деген түсінік бар. Бірақ адам өмірін құтқаруда жандарын пида етіп, іздестіру жұмыстарында, тұрмыстық аварияларда көмек көрсету шараларын жүргізетін, қандайда болмасын төтенше жағдайларда қол ұшын созу секілді жұмыстарды мойымай атқаратын қазіргі заман ерлері,  аталған еңбектері үшін лайықты мадақтауға ие болып отыр.


Күнделікті өмірде ерлік пен батылдық жайында айтқанда, ең алдымен құтқарушы мамандығы есімізге түседі. Себебі құтқарушылардың қызметі өте ауыр және қауіпті, сол себепті тек ержүрек әрі тиянақты, шешім қабылдауда тәуекелшіл жандар ғана құтқарушы атана алады. Адам басына түскен төтенше жағдайлардың барлығында ең алғаш көмекке келетін жандар – құтқарушылар.


Алайда кез-келген адам құтқарушы бола алмайды. Құтқарушы ең алдымен топта жұмыс жасай білуі қажет, себебі құтқарушы бұл топпен жұмыс жасауды ғана талап ететін мамандық. Құтқарушыда негіз бен үлкен жүрек болуы қажет.


Біз сөзеткелі отырған 3-құтқару бөлімшесінің басшысы 1-классты құтқарушы Беркалиев Марлен Мақсотұлы жоғарыда аталған қасиеттердің барлығын мойнына сіңірген. Ол 1981 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Отбасылы, 2 баласы бар. БҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағының» қатарында 2001 жылдан бері құтқарушы ретінде қызмет етеді.


Беркалиев Марлен 1000-ға жуық құтқару операцияларына қатысты. Ол адамдарды ең ауыр жағдайларда құтқарды. Көліктердегі қысылып қалған адамдарды шығару, суға батып кеткен адам денелерін іздеуде, адамдарды шығарылуы қиын жерлерден алып шығуда үлкен ерлігімен көзге түсті. Ол қашан да басқалардың мұңын бөлісіп, оны азайтуда бар күшін жұмсайды.  


Атқарып жүрген қызметінің ауыр әрі көп күшті талап ететіндігіне қарамастан, Марлен көптеген қоғамдық іс-шараларға, байқаулар мен спорттық шараларға да белсене қатысады. Ол 2005-2006 жылдары өткен «Казспас» сайысында команда қатарында қола жүлдегері, аталған сайыста 2016 жылы алтын жүлдегер атанды,  2015 жылы БҚО Департамент бастығының «Құрмет грамотасымен» марапатталды, өз дәрежесін көтеру арқылы 2018 жылы «ІІІ дәрежелі Құтқарушы» атанды.


Қызметін атқару барысында Марлен өзін тек жақсы құтқарушы ғана емес, сонымен қатар кең жүректі адам ретінде де танытты. Марлен өзін батыр санамайды, әрі өзін алдыңғы қатарға қойып, атқарған жұмысына алғыс күтпейтін байсалды жігіт. Жұмыс барысында құтқарылған адамдар оған жігер беріп, қанаттандырады.


Ол құтқару бөлімшесінің басшысы ретінде өз бағыныштыларына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Нағыз лидер және бағыттаушы. Ол өз  тобына кәсіби біліктілігін көрсетіп, оқу-жаттығу жұмыстарын күнделікті ұйымдастырып тұрады.


Жұмыс уақытында Марленді зерттей келе мен оны құтқарушы ретінде, басшы ретінде бірнеше қырынан таныдым. Бірақ Марлен жөнінде осы білгендерімді толықтыру мақсатында онымен әңгімелесу жүргізіп, оның  футбол, гранат лақтыру секілді спорт түрлерімен айналысатынын білдім. Сонымен қатар оны бос уақытында футболмен айналысып, отбасымен бірге табиғат аясында қыдырғанды жаны сүйетін жан ретінде таныдым. Одан отбасы жайында сурағанымда, әйелі - Беркалиева Динара,  қызы – Беркалиева Айгерим № 21 ОЖББМ 9-сынып оқушысы, ұлы – Беркалиев Иман № 21 ОЖББМ 5-сынып оқушысы екенін білдім. Ол жанұясының спортқа қызығушылығын арттырып, соған баулиды. Балалары түрлі спорттық іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орын иегерлері атанып жүр. Иман Орал қаласында өткен халықаралық каратэ-до турнирінің күміс жүлдегері, ал 2016 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық турнирдің қола жүлдегері.


Марлен қашанда жылы жүзді, алдына қойған мақсатына берік, әрі адамдарға жақын жанасқыш. Жасақ құтқарушыларының арасында жүргізілген сауалнамада Марлен жөнінде тек жақсы пікірлер айтылды. Бүгінгі таңда Марлен өзін еңбексүйгіш әрі  кәсіби құтқарушы ретінде көрсетті. Алдағы уақытта Марлен алған бетінен қайтпай, аталмыш қызметінде өзін шыңдайды деп сенемін.

 

«ҚР ІІМ ТЖК БҚО ТЖД Жедел құтқару жасағы

 (Орал қ.)» ММ-нің

бас құтқарушысы Кужанбаева А.Н.