Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

11.01.2019

 

       Әр су қоймасының мұз құрылымы бірдей емес, бір жерлердің мұзы қалың, енді бір жерлерде мұз жұқа болуы мүмкін.

      Сондықтан жолдарда, қар күртіктерінің астында, құламалы жағалардың маңында, қамыс арасында, жарқабақтардың астында, өзендер мен жылғалардың құйылысында мұз жұқа болып келеді де адамның салмағын көтермейді. Егерде өзен бетінде еріген су болса, ол жерлерде жүруге болмайды. Мұз бұзылар алдында, одан сарт-сұрт дыбыстар естіліп, мұздың сыртқы түрі өзгеріп, бетіне су шығады. Мұз жарылып, көлік ішінде қалғанда дереу одан шығып, қауіпсіз жаққа жылжыған жөн.

      Барлық сақтық шараларына қарамастан, мұз жарылып кетсе, үрейге берілмеген дұрыс. Су ағыны жүретін ойықтың шет жағына жылжу қажет. Ол адамның мұз астында қалмауына кепіл болмақ. Ойықтың шетіне жеткен соң, оған арқаңызды тіреп, сол аяқты судан суырып, мұз бетіне шығару керек. Мұз ойылмай ұстап тұрған жағдайда, абайлап арқаға аударылып, өзен жағасына қарай баяу жорғалау керек. Құрғақ жерге шыққан соң, жылдам жылынбаса салқын тиеді. Көз алдыңда біреу мұз астына түсіп кетсе, құтқару үшін қандай да таяқ, бақан немесе тақтай алып, баяу қозғалып ойыққа жақындаған жөн. Белбеу, белбеулі сөмке немесе шаңғы таяқшасын созуға жеңіл болатын жерге жорғалау керек. Судағы адам созылған затты ұстап алған жағдайда, оны мұқият судан шығару керек.

 

Мына ережелерді естен шығармаған жөн:

 

 - Жұқа, қатпаған мұз бетімен жүрмеген дұрыс.

 - Мұздың бөлек телімдеріне топталып тұруға болмайды.

 - Мұздағы шұңқырларға, жарықтарға, ойықтарға жақын тұруға болмайды.

 - Қараңғыда мұзбен жүру қауіпті.

 - Өткел жоқ жерден мұз үстімен автомобильмен өтуге болмайды.

 - Егер мұздың түсі көгілдір болса берік қатқаны, ақ түсті болса беріктігі екі есе төмен.

 

Мұз үстінде қауіпсіз жүру үшін:

  • жалғыз адамға 12 см;
  • топ адамдар үшін 15-20 см;
  • жоғарыдан мұз үстінде сырғанау үшін 25 см;
  • жеңіл көлік үшін 35 см жоғары;
  • жүк көліктеріне 50 см жоғары;
  • трактор өтуге қауіпсіз қалыңдық 70 см жоғары болуы қажет.

 

Осынау ережені үлкендер ескеріп қана қоймай, балаларға да үнемі үйретіп отырғандары жөн.

 

Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаменті

Жаңақала ауданының ТЖ бөлімінің

өндірістік тәжірибеленушісі

азаматтық қорғау аға сержанты

                                                                                                                                      Н.Сәрсенов