Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

10.07.2019

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Жастарды дамыту үшін қазір барлық жағдай жасалуда. Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағында Отан үшін абыроймен қызмет ететін жас құтқарушылар көп еңбек етуде. Солардың бірі-Айткалиев Бекжан Бекетович.

 

Бекжан 2016 жылдың қазан айында Жедел-құтқару жасағына құтқарушы болып жұмыс істеуге ниет білдіріп келді, сол кезде құтқарушы лауазымына бос орын болмағандықтан жасақ басшылығы оған штаттан тыс күзетші болып жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Бекжан құтқарушы болып жұмыс істеуге лайықты екенін дәлелдеу  ниетінде ұсынған жұмысқа келісті. Осы сәттен бастап ол тек қана күзетшінің міндеттерін орындап қана қоймай, құтқарушыларға да көмектесуге тырысты, олардың жұмысына кірісіп, кәсіби даярлығын бақылап отырды.

 

Бекжанның жұмысқа деген ынтасы мен қызығушылығы құтқару бөлімшелері басшыларының назарынан тыс қалған жоқ, бос жұмыс орны пайда болған кезде алғашқылардың бірі болып оны үміткерлікке ұсынды.

 

Бүгінде Бекжан Айткалиев жасақтың құтқарушысы болып 2 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді, осы аз уақыт ішінде өзін білікті құтқарушы ретінде көрсетіп, жақсы нәтижелерге ие болды.

 

Құтқарушы болып жұмыс істей бастағаннан соң, сүңгуір жұмыстарын мамандандырылған ІІІ топтағы 3-сыныпты сүңгуірлерді оқыту сабақтарына жазылды, білім алушылар тобында алғашқылардың бірі болып шағын көлемді кемелерді басқару құқығын алу  үшін сынақтан өтті.

 

Қызмет атқару кезінде біліктілігін арттыру мақсатында өнеркәсіптік альпинист, ілмектеуші, парамедик, газ-түтіннен қорғаушы, газэлектрдәнекерлеуші, газбен кесуші мамандықтары бойынша оқыды, Ақтөбе облысы ТЖ департаментінің өңірлік оқу орталығында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша құтқарушылар дайындығынан өтті.

 

2018 жылы жасақ командасының құрамында "Қазқұтқару-2018" құтқару бөлімшелерінің республикалық жиын-семинары аясында өткізілетін құтқару сайыстары бойынша жарыстардың жүлдегері болды.

 

Каспий маңы мемлекеттері арасында өткізілетін "TENIZ-2018" халықаралық кешенді оқу-жаттығуына қатысты.

 

Бекжан тек оқуда ғана емес, сондай-ақ жарыстарда да жақсы нәтижелер көрсетті.

 

Жыл сайынғы суға шомылу маусымында құтқару бекеттеріндегі кезекшілік кезінде Бекжан 2017 жылы бес адамды, ал 2018 жылы үш адамды судан құтқарды.

 

Ағымдағы жылы жедел шақырту кезінде № 3 құтқару бөлімшесінің құрамында Бекжан Айткалиев тұрмыстық газбен тыныс алып, өзіне-өзі қол жұмсағысы келген  қыз балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Есікті ашып, пәтерге кірген құтқарушылар тұрмыстық газдың өткір иісін сезінді. Олар қыз баланың еденде ес-түссіз жатқанын байқады.

 

Құтқарушы Айткалиев Бекжан зардап шегушіні балконға таза ауаға алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсетуге: жүрекке тікелей емес массаж жасауға және өкпені жасанды жолмен желдетуге кірісті.

 

Реанимациялық әрекеттер нәтижесінде қыз бала есін жиды. Кейін құтқарылған қыз бала жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.   

 

Осы жағдайдан кейін бір ай өткен соң кезекшілік кезінде №3 құтқару бөлімшесі өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша жедел шақыртуға шықты. Жас ер азамат өз-өзіне қол жұмсамақ болып көпқабатты үйдің балконынан секірмекші болған.

 

Бас құтқарушысы Кайсар Убишев пен құтқарушы Бекжан Айткалиев зардап шегушімен сенімді қарым-қатынас жасай отырып, оны балконнан түсуге және қайғылы әрекет жасамауға көндірді.

 

Бекжан Бекетович Айткалиев өзінің лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Оның тәлімгері - №3 құтқару бөлімшесінің басшысы-құтқарушы Марлен Беркалиев жас құтқарушыны қысқа да нұсқа "лайықты ауысым" деп сипаттайды.

 

Бекжан 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. Орал гуманитарлық колледжін "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алуды жоспарлап отыр.

 

Бала кезінен бері белсенді өмір салтын ұстанады, спортпен шұғылданады, байдарка есуден спорт шеберіне үміткер. Бекжан спорттық отбасында өскен, оның әкесі мен екі ағасы да спортпен шұғылданады.

 

Бекжан мектепте жақсы білім алып, 7-сыныпқа дейін мектепті үздік аяқтаған.

 

Бекжан әскер борышын өтеді, теңіз жаяу әскері дөңгелек сауыт транспортерлерінің аға механик-жүргізушісі болды. Үздік қызметі үшін теңіз жаяу әскер бригадасы командирінің алғыс хатымен марапатталды.

 

Қазіргі уақытта Бекжан өз өміріндегі маңызды қадамның бірі отбасын құруға дайындалуда.

 

Құтқарушы кәсібі – әлемдегі ең күрделі (қиын) кәсіптердің бірі. Бірақ құтқарушылардың айтуы бойынша, ең бастысы әрбір сәтте басқаны құтқару үшін өз өмірін қатерге тігуге үйренуге болады.

 

БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының

бас құтқарушы-психологы

Л.Абдрахманова