Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

12.08.2019

 

Жаңа оқу жылы қарсаңында Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының 2019 жылғы 5 шілдедегі №447 бұйрығына сәйкес 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейінгі аралықта «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы өтуде.

 

Акцияның мақсаты – тұрмысы жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін көмек көрсету болып табылады.

 

Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса ше?! Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету игілікті іс. Осы мақсатта, аталған шара Сырым ауданы аумағында да белсенді түрде ұйымдастырылуда.

 

Жыл сайын «Мектепке жол» жалпыреспубликалық акциясы, аудандағы мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен ауылдық округтерде де өткізіледі. Шараға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері және №14 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері де белсене қатысып, аз қамтылған немесе көп балалы отбасыларының балаларына мектепке бару үшін мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алу үшін қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі - Сырым ауданы Қоңыр ауылында ұйымдастырылып, бөлім қызметкерлері және өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері биылғы жылы да дәстүрден айнымай, Қоңыр ауылының 4 оқушысына мектепке қажетті кеңсе тауарларымен – қаламсаптар, қарындаш, альбом, күнделіктер мен дәптерлер және басқа да заттармен толыққан сөмкелермен қамтамасыз етті.

 

Шара барысында бөлім бас маманы Сағдат Қайратұлы көпшілікті акцияның басталуымен құттықтап, бұл мейірімділік пен қайырымдылықты, адамдардың бір-біріне деген риясыз көңілін, болашағымыз - балаларға деген шынайы қамқорлықты танытатын ізгі шара екенін атап өтті.

 

БҚО ТЖД Сырым ауданының

Төтенше жағдайлар бөлімі