Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

 10.09.2019

 

Облысымызда күзгі айлар балық аулауға жақсы кезең болып саналады, себебі осы уақытта нағыз балықтың қармаққа ілігетін уақыты.   Балық аулап отырған кезде қандай қауіп-қатерлер кездесу мүмкін деген ойға келесің. Бірақ нақ осы уақытта түрлі қатерлерге тап болып, денсаулыққа не өміріңе зиян келуі мүмкін. Су айдынының жанында қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамаған жағдайда түрлі келеңсіз оқиға туындауы мүмкін.

Кейбір адамдар балық аулаудың қызығына түсіп кеткен кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығарып алады. Мұндай жауапсыздықтың нәтижесі үлкен қайғыға әкелуі ықтимал. Осындай демалыстың нәтижесі қиыншылыққа әкеліп соқпасын десеңіз, қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығармағаныңыз абзал.

Ең бірінші ереже - балық аулауға шыққан кезде алкоголдік ішімдікті мүлдем пайдаланбау. Балық аулауға шығар кезде аз мөлшерде ішімдік ішудің өзі сіздің өміріңізге зиянын тигізеді. Ішімдік ішкен күйде қайықты дұрыс жүргізу мүмкін емес, тіпті, мұндай күйде сырғанақ қайықтың ішінде тігінен тұрудың өзі қиындыққа әкеліп соғатыны анық. Масаң адам қандай да бір себеппен суға құлап кеткен жағдайда оның аман қалуға мүмкіндігі аз болады.

Балықты қауіпсіз аулау үшін ең алдымен орынды дұрыс анықтап алған жөн. Тік жары бар жағалардан алыс жүруіңіз қажет. Егер тік жар құмды әрі қопарылғыш болса, адам салмағының күшімен опырылып кетуі мүмкін. Өсіндісі жоқ жағалар болса жаңбырдан кейін тайғақ келеді. Мұндай жағада аяғың тайғанап кетсе, бірден суға құлап кету қаупі бар. Кейбір балық аулаушылар, әсіресе, балалар су астынан шығып тұрған ағаштардың, тастардың, тағы да басқа заттардың үстіне мініп тұрады. Бұның өзі тек ағыс суда ғана емес, жай тыныш күйдегі судың өзінде үлкен қауіп-қатерге әкеліп соғады.

Қайық үстінде балық аулау мұқияттылықты талап етеді. Балық аулауға жиналған кезде ең бастысы ауа-райы жағдайына баса назар аудару керек, себебі желді күні су толқып тұрған кезде балық аулау деген ойдан мүлдем арылу қажет.  Қауіп-қатерден аулақ болу үшін жағадан алыстамай балық аулаған жөн. Балық аулауға шығар кезде жақын туыстарыңа міндетті түрде шығатын орныңды айтып кету қажет, сонымен қатар қайтар уақытыңды да ескертуді ұмытпа.

Су айдынына шығар алдында қайығыңыздың жағдайын дұрыстап қарап алыңыз, онда тесіктер жоқтығына көз жеткізіңіз. Қайығыңызда құтқару шеңбері, құтқару жилеті болуы, сонымен қатар, су төгетін құрал болуы тиіс (автокөлік камералары, плоттар т.б.). 

Үрілмелі қайықтармен балық аулаған кезде ерекше сақ болу керек. Мұндай жүзу құралымен алыс, өсінділер көп өскен жерлерге баруға болмайды. Су астынан шығып тұрған кішкене ғана бұтаққа тиіп кетудің өзі қиыншылық тудыруы мүмкін.

Үрмелі, фанерлі және жеңіл жүзу құралдарының үстінен қармақты суға лақтырған кезде қимылыңыз бірқалыпты және су үстінде толқын тудырмайтындай болуы керек. Шапшаң қимылдаудан, қайық үстінде отырып төменге еңкеюден аулақ болыңыз. Қайық үстінде балықты отырып аулаған абзал, ал тұру қажет болған жағдайда ыңғайлы орын тауып, денеңізді дұрыс ұстаңыз.   

Күз айында судың температурасы 7-8 градус болады, егер қайық ауып кететін жағдай болса, балық аулаушы суға құлап оның үстіндегі киімдері су астына тарта бастайды, ал су салқын болса дене қимылын баяулата береді. Мұндай жағдайдан құтылып шығу мүмкін емес.

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ, қауіпсіздік ережелерін елемеудің арты қайғыға әкеліп соғады!

 

Батыс Қазақстан облысы ТЖД