Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

17.09.2019

Қала әкімі Абат Шыныбековтің төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысы өткізілді. ТЖК отырысында халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілеріңің 2019-2020 жж. қысқы кезеңіне дайындығы, өткен суға шомылу маусымының қорытындысы  қаралды.

Кеңес барысында Орал қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиев қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығын баяндады.

Бүгінгі күні бойынша 35 денсаулық сақтау мекемесінің 30 (86%), 49 білім мекемесінің 46 (94%),  20 мәдениет саласы мекемесінің 12 (60%), сонымен қатар орталық жылыту жүйесінің 1188 тұрғын үйінің 855(72%) дайын.

Кеңес барысында "Батыс Су Арнасы" ЖШС қызметіне де назар аударылды. Қаланың су құбыры-кәріз желілері мен құрылыстарында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жоспары әзірленді. Сумен қамтамасыз ету қызметі қысқы кезеңдегі жұмысқа желілерді дайындау үшін жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

Отырыста Орал қаласы ТЖБ бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Бахытжан Ихсанов өз баяндамасында 2019 жылдың суға шомылу маусымы басталы Орал  қаласы аумағында 9 адам суда қаза болғанын атап өтті. Су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себептері: жабдықталмаған жерлерде шомылу, жүзе алмау, қауіпсіздік ережелерін бұзу, балаларды қараусыз қалдыру. Қаланың су айдындарында адамдардың қаза болуын болдырмау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар кешені атқарылды. Оның шеңберінде су айдындарында рейдтер жүргізілді, мектеп жанындағы лагерлеріндегі суайдындарда балалар қауіпсіздік шараларына оқытылды, БАҚ арқылы барлық кезең ішінде азаматтардың қаза болуының алдын алуға бағытталған материалдар шықты.

Қорытындылай келе, қала басшысы тиісті тапсырмалар беріп, жылыту маусымына қатысты барлық шаралар жіті назарда болатынын тілге тиек етті.

 

Орал қаласы ТЖ басқармасының аға инженері

а/қ майоры И.К. Утешева