Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

23.06.2016

 

Қазіргі кезде ауа-райының салқындауына байланысты өзен- көлдердің, басқа да су айдындарының бетін қабыршақ мұз жаба бастады.

 

Сол себептен  мұз тоқтау кезінде және қыс мезгілінде мұз үстіне  шыққан кезде аса сақ болған жөн. Күз және қыс мезгілінде судағы (мұздағы) қайғылы жағдайлардың алдын алу және оған душар болмау  үшін төмендегі қарапайым ережелердің қатаң сақталуы тиіс екендігін оқырмандардың есіне салғанды жөн көрдік: 

  • жұқа, әлі берік қатпаған мұздың үстіне шықпаңыздар;
  • мұз үстіне топ болып жиналмаңыздар;  
  • мұз бетіндегі ойықтарға, жарықтар мен жыраларға жақындамаңыздар;
  • тік жарлардан жұқа мұзға шанамен, шаңғымен сырғанамаңыздар;
  • мұздан тиым салынған жерлерден өтпеңіздер;
  • көру мүмкіншілігі жоқ кезде және қараңғыда мұзға шықпаңыздар;
  • өткелден тыс жерлерден мотоцикл, автокөліктермен жүрмеңіздер. 

Желтоқсанның алғашқы жартысында әдетте мұз жұқа болады. Мұзбен жүрмей тұрып, оның беріктігін сүйменмен соғып тексеру керек. Берік мұз 2-3 соққыдан кейін ғана тесіледі. Мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексеруге болмайды. Тұрақты қысқы кезеңде қауіпсіз мұз қалыңдығы бір адамға 7-8 см, 5-7 адамға 12-14 см. болады.  Мұз мықтылығына сенімсіз болсаңыз, онымен абайлап жүру керек, аяқты жылжыту арқылы және табанмен түгел біруақытта басып және кез-келген уақытта жағдайдың күрт өзгеріп кетуіне дайын болу қажет. Жәй жүрген кезде мұз сирек сынады. Әдетте, мұз жарыларда сытырлайды, сыртқы түрі өзгереді және бетіне су шығады. Бұндай үрейлі белгілер білінген кезде, келген ізбен  аяқты мұзбен жылжыта жүру арқылы кері қайтқан дұрыс. Мұздың үстімен шаңғымен өтер кезде  қауіпті жағдайлар туындаса тез босап кету үшін шаңғының бекіткіштерін ағытып, шаңғы таяқтарының ілмектерін қолдан босатады, бірақ шаңғыны түгел шешіп тастамау керек, себебі олар  адамның мұзға түсетін салмағын жеңілдетеді. Адамдар мұз үстімен топтасып жүріп өткен кезде  бірінің соңынан бірі, 5-6  метр ара қашықтығын сақтап тізбекпен жүрулері керек. Бірінші болып дайындалған тәжірибелі адам жүруі тиісті және ол міндетті түрде ұзын арқанмен және құтқару жилетімен сақтандырылған болу керек. Мұздай суда тәжірибелі және денсаулығы мықты адамдардың өздері жалпы салқындаудың әсерінен бірнеше минут ішінде өліп кетеді.  Егер сіз оқыстан мұздай суға түсіп кетсеңіз, онда ең маңыздысы – үрейге бой бермеңіздер. Басыңызды суға батырмау үшін қолдарыңызды тез екі жаққа кең жайып тұрыңыз. Мүмкіндігінше су мұздың астына қарай тартпайтын жерге жылжыңыз. Мұндағы ең маңызды әдіс- дененің барлық салмағын кең  жерге шығарып тіреп тұрып, көтеріліп жанға қарай домалау. Мұздың бетіне шашыраған су мұз бетін тайғанақ жасап, қолмен жұмыс жасауға кедергі жасайды. Кейбір балықшылар ол үшін бір-екі үлкен шеге алып жүреді, олардың көмегімен мұзға оңай шығуға болады. Судан шығарған адамды мықты мұздың үстінде немесе жағалауда суланған киімді тез арада сығып алу керек. Желден, толқыннан қорғанатын ық жер тауып алып, ағаш қалдықтарынан, мұздан, қардан т.б. заттардан уақытша баспана жасап алыңыздар. Суланған сіріңкені кептіріп қойыңыз. Жергілікті жерді бағдарға алып, жағдайды бағалап алдағы іс-әрекеттерді ойластырыңдар.

Зардап шеккен адам суда тез салқындап тоңып қалады, сондықтан жылдам және батыл шешім қабылдаңдар. Организмнің қатты салқындауы суда 10-15 минут тұрғаннан кейін басталады. Адамды жылытудың ең қолайлы әдістерінің бірі- суланған киімді шешіп, өзің де шешініп тоңған адамды қасыңа алып ұйқы қабының (спальный мешок) ішіне жату. Полиэтилен пленкасы болса да жақсы болады, онымен тоңған адамды орап тастаса, ол өзінен-өзі буланып жылынады. Содан кейін ыстық сусын ішкізіп, тәтті беру керек (қант, шоколад, варенье т.б.). Алкоголь ішімдіктерін мүлде беруге болмайды, себебі қантамырлар кеңейіп дене қызуы төмендей береді. Жағалауға костер жағып, қар немесе мұздан жасалған ықтасында отырып көмек күту керек.