Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

18.04.2018

 

БҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жоспарға сай кезекті өрт-тактикалық оқу-жаттығуы сәуірдің 17-сі күні қаладағы «Орал» сауда ойын-сауық кешенінде өтті.

 

Облыстық ТЖД-не қарасты Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметіне «Орал» кешенінің төртінші қабатындағы ойын бөлмесінен өрт шыққаны жөнінде «хабарлама» келіп түсті. Осындай «дабылмен» басталған тактикалық оқу-жаттығуына өрт сөндіру бөлімшелерінен 10 арнайы, негізгі және көмекші техникалар, сонымен қатар жеке құрамнан 35 адам жұмылдырылды.

 

Оқиға орнына өрт сөндірушілермен қатар БҚО ТЖД-нің жедел-құтқару жасағы, жедел жәрдем көлігі де жетті. Ғимараттан 150 адам қауіпсіз аймаққа шығарылды. Жану көлемі 40 шаршы метрді қамтитын «қызыл жалынды» ауыздықтаған төтеншеліктер оқиғадан «зардап шегушілерге» көмек көрсетті. Осылайша жылдамдықтары мен сауатты әрекет ету дағдылары сынға түскен жауапты мекеме қызметкерлері төтенше жағдайда жедел іске кірісу тактикаларын меңгерді.

 

– Бұл оқу-жаттығуы біздің жоспарымызға сәйкес өткізілуде. Мұндай шара әрдайым ұйымдастырылып тұрады. Министрдің тапсырмасымен екі айдың ішінде 108 нысанды қамту көзделуде. Ал бұл – 25-ші рет өткізілген оқу-жаттығу шарасы, – деді БҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы азаматтық қорғау майоры Назарали Селимов.

 

«Орал» сауда ойын-сауық кешенінің бас инженері Юрий Парфеновтің айтуынша, мұнда 100-ге жуық сауда нүктесі орналасқан. 150-ге тарта қызметкер жұмыс жасайды. Күніне кешенге 2000-дай адам келеді екен.

 

БҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ

мемлекеттік тіл және ақпарат тобы