Біздің Telegram-дағы каналға жазылыңыздар - жазылу («Канал о безопасности»; @komitet_po_chs)

05.09.2019

24 шілде күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұретдинұлы Ихсановтың төрағалық етуімен Бөрлі ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою және Азаматтық қорғаныс жұмыстарын жетілдіру мақсатында өтетін кешенді оқу-жаттығуға дайындықты пысықтауға арналған жиналыс өтті. Жиынға Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс бөлімінің офицерлері, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жөніндегі комиссия мүшелері және арнаулы АҚ қызмет басшылары қатысты.

Жиналыс барысында сөз алған Азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері «Бүгіннен бастап облыс әкімінің 2018 жылдың 12 желтоқсандағы өкімімен бекітілген бұйрығына сай  Бөрлі ауданында төтенше жағдайлардын алдын алу, аудан тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында кешенді оқу-жаттығу өтетін болады. Осы оқу-жаттығуларға қатысатын мекемелер мен ұжымдарды жауапты қарауға, бір адамдай ат салысуға шақырамын», - деді.

Ауданда өтіп жатқан кешенді оқу-жаттығудың практикалық бөлігі 25 шілде күні таңғы сағат 7:00-де "Баршаның назарына!" дабылы арқылы басталып, сағат 8:00-де кешенді оқу-жаттығу штабы мен аудан әкімі аппаратының жедел тобының, арнаулы қызметтердің жұмысын тексеруден басталды. Содан кейін аудандық азаматтық қорғаныс қызметтерінің кешенді оқу-жаттығуға дайындығы тексерілді.

Іс жүзінде практикалық іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде адам көп жиналатын жердегі өртті дер кезінде сөндіріп, зардап шеккендерді эвакуациялау іс-шараларын көрсету Мәдениет сарайы ғимаратында іске асырылды. Сондай-ақ, шара барысында ірі қара малдың безгек ауруы, энергиямен жабдықтау жүйесіндегі апат, дала өрті мен тас жолындағы жол-көлік оқиғасын жою бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді.

Оқу-жаттығуды өткізу барысында оқу-жаттығу штабының мүшелері төтенше жағдайлардың алдын алу және жою іс-шараларын өткізуге практикалық және әдістемелік көмек көрсетті.

Кешенді оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша теория мен тәжірибе әрекеттерінде үздік танылып, төтенше жағдайлардың алдын алуда және азаматтық қорғанысты жетік меңгерген АҚ арнаулы қызметтерінің, ұйымдарының өкілдеріне Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының алғыс хаты табысталды.

 

БҚО ТЖД АҚ бөлімінің аға офицері

аға лейтенант  А. Адилбеков